Жапонияда өткен V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 12 алтын, 16 күміс және 22 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 9-орынға тұрақтады, деп хабарлайды kznews.kz
18-24 қазан аралығында Нагоя қаласы мен Айчи префектурасында өткен құрлықтық додада ел намысын спорттың 12 түрінен 150 спортшы қорғады. Отандық пара спортшылар 2023 жылғы Ханчжоудағы көрсеткішті еселеп, алтын медаль санын 4-ке, ал жалпы жүлде қорын 9-ға арттырды.
Қазақстан құрамасына ең көп жүлдені пара дзюдошылар сыйлады. Олар 5 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға шықты. Азия Пара ойындарының чемпиондары атанғандар: Ибраһим Нұрмаханұлы (J2, 70 кг), Бексұлтан Құлмырза (J2, 81 кг), Жұрқамырза Шүкірбеков (J2, 95 келіден жоғары), Ақтолқын Сейілбекова (J1, 70 келіден жоғары) және Зарина Райфова (J2, 70 келіден жоғары).
Жарыста қазақстандық спортшылар бірнеше Азия рекордын жаңартып, тарихи нәтижелерге қол жеткізді. Пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев 54 келі салмақта 192 келіні көтеріп, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты. Бұл спорт түрінен құрама 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді. Пара велоспортта Наил Ермұхамбет пен Анастасия Калаус екі алтыннан жеңіп алып, команда жалпы 4 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль еншіледі. Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкамен атуда ойындар рекордын жаңартып, алтын медаль алды. Ал пара жеңіл атлетикадан Айсұлу Сүлейменова (T62) 100 метр қашықтықты 16,18 секундта жүгіріп өтіп, Азия рекордын орнатты. Сонымен қатар Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейтқамал пара садақ атудан Қазақстанға Азия Пара ойындары тарихындағы алғашқы жүлдені, күміс медальді сыйлады.
Сондай-ақ волейболды отырып ойнаудан ерлер құрамасы финалға дейін жетіп, Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды.
«Бұл жетістіктер – ең алдымен, мемлекет тарапынан пара спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдаудың, спортшыларымыздың табандылығы мен жаттықтырушылардың жүйелі дайындығының нәтижесі», – деп атап өтті Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дүкетаев.