Ол жас әншінің анасына арнайы хабарласып, ұлының жетістігіне қуанышын білдіріп, ақ тілегін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz
Sadraddin-нің анасы Айгүл Есқара әлеуметтік желідегі парақшасында Димаш Құдайбергенмен болған телефон әңгімесін бөлісті. Димаш жас әншінің концертінен үзінділер көргенін айтып, кештің жоғары деңгейде өткеніне қуанышты екенін жеткізді.
“Балаңыздың аяқ алысы құтты болсын. Концерттен үзінді видеоларды көрдім. Керемет өтіпті, бәріміз қуанып жатырмыз. Ініміздің алар белесі, жеңісі көп болсын”, – деді Димаш.
Әнші Sadraddin-нің анасының стадионда ұлына қуанып тұрған сәтін көріп, ерекше әсерленгенін де айтқан. Оның сөзінше, бұл көрініс өз концерттерінде анасының қуанған сәттерін есіне түсірген.
“Сіздің қуанып, нұрланып тұрғаныңызды көріп, өз анамның концертімде қуанғанын көргендей әдемі күй кештім. Құтты болсын. Ұзағынан сүйіндірсін”, – деді ол.
Димаш қазір шетелде өз концертіне дайындалып жүргендіктен, Sadraddin-нің Алматыдағы кешіне қатыса алмағанын да түсіндірген.
“Елде болғанда міндетті түрде барып, қолдар едім. Sadraddin, Алла қаласа, халықаралық деңгейге көтеріліп, әлем бойынша стадиондар жинап, концерт беретін күндері көп болсын”, – деп ақ тілегін білдірді Димаш Құдайберген.