Шымкентте өз балаларын аяусыз қинады деген күдікке ілінген 29 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оқиға балалардың мектепке ұзақ уақыт бармағанынан кейін белгілі болған. Жағдайды анықтау үшін үйіне барған мұғалімдер олардың денесіндегі жарақаттарды байқап, бірден құқық қорғау органдарына хабар берген.
Қазір зардап шеккен балалар әжесімен бірге ауруханада ем қабылдап жатыр. Немерелерінің жағдайын баяндаған әжесі Мұхаббат Ергешова қызының әрекетін естігенде жағасын ұстағанын айтып, болған жайттың қаншалықты ауыр екенін жеткізді.
«Соңғы кездері нағыз сұмдық болды. Ол балаларды қатты ұрып-соғып жүрді, үтікпен күйдірді, темір заттармен сабады. Қошқарата өзеніне апарып, суық суға батырып, кейін үйге қайта әкеліп, ваннада да солай істейтін. Шаштарын қиып, жұлып тастайтын. Бірнеше жерінен сіріңкемен күйдірген. Шанышқыны газға қыздырып, сонымен балалардың аузын күйдіріпті. Немерелерім түнде жылап, «Ұрма, ұрма» деп жалынатын», - дейді Мұхаббат Ергешова.
Полиция аталған дерек бойынша тергеу амалдарын бастап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.