АҚШ-та ұшуға дайындалып жатқан екі жолаушылар ұшағы соқтығысты. Singapore Airlines әуе компаниясының ұшағы Spirit Airlines лайнерінің құйрық бөлігін қағып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
AsiaOne басылымынчң жазуынша, оқиға Ньюарк Либерти халықаралық әуежайында болған. Сол сәтте Singapore Airlines ұшағы ұшу-қону жолағына қарай бара жатқан.
Ал Spirit Airlines әуе компаниясының ұшағы гейтте тұрған және ұшар алдында мұздан тазарту (антиобледенение) процедурасынан өтіп жатқан. Дәл осы кезде Singapore Airlines лайнерінің қанатының ұшы екінші ұшақтың құйрық бөлігін жанап өткен.
Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарады. Сингапур әуе компаниясының жолаушыларының бірі соққының әсерін қатты сезбегенін айтты.
"Бұл оқиға Singapore Air әуе компаниясының SQ21 рейсінде болды. Бұл – әлемдегі ең ұзақ рейстердің бірі, ұшу уақыты 19 сағат 10 минутқа созылады. Ұшуға қозғала бастаған сәтте біздің ұшақтың қанатының ұшы Spirit Airlines ұшағының құйрық бөлігін тиіп кетті. Кімнің кінәлі екенін білмеймін, бірақ видеодан зақым келгенін көруге болады", – деді жолаушы.
Әуе компаниясы не дейді?
Singapore Airlines өкілдерінің мәліметінше, соқтығысудан кейін ұшақ қауіпсіз түрде қайтадан гейтке оралған. Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Барлық жолаушылар ұшақтан түсіріліп, оларға тамақ пен сусын ұсынылған.
Рейс шамамен алты сағатқа кешіктірілді. Кейін жолаушылар басқа ұшақпен – жаңа ұшқыштар мен бортсеріктері бар экипажбен ұшып кеткен.