Сания Жұбанышева биыл мамыр айында кәмелетке толмаған жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен қамауға алынған еді. Полицияның нұсқасына сәйкес, оқиға 2 мамырға қараған түні болған. Кейін сот санкциясымен бойжеткен қамауға алынған.
15 мамырға қараған түні Санияның жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол камералас әйелге тиесілі жүрек ауруына арналған дәрілерді шамадан тыс мөлшерде ішкен. Бірнеше сағаттан кейін бойжеткен көз жұмды.
Марқұмның анасы қызының қазасы туралы хабарды телефон арқылы естіген сәтін әлі ұмыта алмайтынын айтты.
«“Сәния Жұбанышова сіздің қызыңыз ба?” деп сұрағанда, жүрегім бір жаманшылықты сезді. Үстіме мұздай су шашып жібергендей болды. Мен жауабын күтпедім, айқайлап жібердім. “Не боп қалды? Менің қызым қайда?” деп айқайладым. Ол 50 таблетканы ішіп қойды...», – деді марқұмның анасы.
Оның сөзінше, қызы ішкен дәрі камерада бірге отырған жүрек ауруы бар әйелге тиесілі болған.
«Негізі ол дәрі астында жатқан қазақ әйеліне кірді. Жүрегі ауыратын әйел екен. Бірақ бұл дәрі қатаң түрде дәрігердің нұсқаулығы бойынша беріледі. Енді ол әдейі істелінген нәрсе деп отырмын мен», – деді ол.
Бұл – марқұмның анасының жеке болжамы. Дәрінің Санияға қалай түскені және оқиғаға өзге адамдардың қатысы бар-жоғы жөнінде түпкілікті ресми қорытынды әзірге жарияланған жоқ.
Полиция бұған дейін Санияның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, сондай-ақ уақытша ұстау изоляторындағы ұстау тәртібінің бұзылуы мүмкін екені бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Істің барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.