KZNews.kz
Қоғам

Ұстазын шанамен үйіне шығарып салған оқушылар желі жұлдызына айналды (ВИДЕО)

Айжан Сыланова

Бір сыныпта оқитын оқушылардың өз ұстазына көрсеткен ілтипаты әлеуметтік желі қолданушыларын ерекше әсерге бөледі, деп хабарлайды kznews.kz.

Бастауыш сынып мұғалімі Бибінұр Жақсылықова Instagram парақшасында оқушыларының өз бастамасымен оны шанамен үйіне дейін жеткізбек болған сәтін жариялаған. Видеода мұғалім балалардан мұны істеу ұят емес пе деп сұрағанда, олар еш ойланбастан «жоқ» деп жауап береді.

Осы сәтке риза болған ұстаз жазба астына:

«Қай жақсылығым үшін берілген оқушыларым екенсіңдер?!
Жандарым сол, менің ең сүйікті де, ақылды шәкірттерім», – деп жүрекжарды лебізін қалдырған.

Белгілі болғандай, мұғалімді шанамен шығарып салған оқушылар – Абдрахим, Медет, Нұрислам және Сәбит. Олар Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылындағы Ақкөл жалпы орта мектебінің 3-сыныбында білім алады.

Ал бастауыш сынып мұғалімі Бибінұр Жақсылыққызы бұл салада 12 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай шынайы қарым-қатынас желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, көпшілік балалық шағын сағынышпен еске алды.

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары