KZNews.kz
Жаңалықтар

Үш жылдық бюджет: экономикалық модернизация қалай жүзеге асады?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Парламент ұзақ талқылаудан кейін 20262028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарап, бекітті.

Алдағы 36 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың кескін келбетін анықтайтын қаржылық құжатта әдеттегідей әлеуметтік міндеттемелерге басымдық беріліп отыр.

Жалпы, бұл құжат тек қана мемлекеттік шығыстардың кестесі емес, аталған кезеңдегі елдің экономикалық бағытын айқындайтын стратегиялық индикатор ретінде маңызды. Қабылданған бюджет параметрлерінен Үкіметтің алдағы үш жылда әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беретінін байқаймыз.

Осы жерде бюджет жобасын талқылау барысында атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің арасында сындарлы диалог болғанын айтуымыз керек. Әсіресе, Сенат депутаттары тарапынан Үкіметке көп сұрақ қойылған. Нәтижесінде жобаға енгізілген өзгерістер де көбейді. Мәселен, қабылданған қаржы құжатында Сенат енгізген 76 түзету бар. Бұл бюджеттің бастапқы нұсқасында инфрақұрылымдық тәуекелдер мен нақты қажеттіліктердің толық қамтылмағанын көрсетті. Ал жоғарғы палатаның ұсынған нұсқасы нені қамтиды?

Біріншіден, жылу жүйелерін жаңғыртуға бөлінген қаржы 9 млрд теңгеден 37 млрд теңгеге дейін артқан. Демек, депутаттар елдегі жылу инфрақұрылымының тозып тұрғанын, оған жүйелі жөндеу керектігін өздері де мойындап, Үкіметті де көндірді. Өйткені, аймақтардағы энергетикалық дағдарыс қаупі жыл сайын ұлғайып отырғаны жасырын емес.

Екіншіден, су ресурстарын дамытуға жоспарланған 2 млрд теңге қаржы көбейіп, 8 млрд теңгеге жеткен. Яғни, бұл қадам су тапшылығы мәселесінің бар екенін, әсіресе өңірлерде ол күрделене түскенін білдіреді. Енді Үкімет бөлінген қаржыны тиімді игеріп, стратегиялық қажеттілік мәселесін шешуге тиіс. Жалпы, Сенаттың бұл түзетулері бюджеттің индикаторы емес, нақты жағдайға бейімделуді білдіретін қадам ретінде көрінді.

Әрине, 2026 - 2028 жылдарға арналған бюджеттің орындалуы міндетті болғанымен, көп жағдайды оның кірісі мен шығысы реттейтіні белгілі. Бұл жолы да Үкімет шығындарының жыл сайын шамамен 1 трлн теңгеге артып отыратыны ескерілген. 

Атап айтқанда, бюджеттің шығыс бөлінісі төмендегідей болжаныпты: 2026 жылы – 27,7 трлн теңге, 2027 жылы – 28,7 трлн теңге, 2028 жылы – 29,7 трлн теңге шамасында. Әлбетте бұл шығындар сомасы ықтимал тәуекелдерді ескере отырып жасалғаны анық. Яғни, теңгенің құнсыздануы, әлеуметтік төлемдер индексінің құбылуы, инфрақұрылымдық жобалардың көбеюі сияқты тәуекелдер ескерілген болуы керек.

Жалпы, бюджеттің атқарылуына қатысты фактордың ең негізгісі оның кіріс бөлігінің орындалуына байланысты. Қабылданған құжат бойынша трансфертсіз кіріс болжамы былайша көрсетілген екен: 2026 жылға – 19,2 трлн теңге, 2027 жылға – 21,2 трлн теңге және 2028 жылға – 23,2 трлн теңге мөлшерінде. 

Осы жерде бюджет кірісінің өсімі кезеңге шаққанда аса қомақты еместігін және оның негізінен шикізатқа тәуелділігін де айтуымыз керек. Яғни, ықтимал кіріс бойынша салық түсімдерінің нақты болжамы қамтылмағанын және экономиканы әртараптану бағытындағы жұмыстардың өз деңгейінде атқарылмағанын байқауға болады. Немесе, Үкімет жаңа жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексі мен басқа да заң нормаларының қатаңдауынан үміт күтетін сияқты. Алайда, атқарушы биліктің бюджет тапшылығын салық пен құнды реттеу арқылы толтыруға жасаған қадамын өткенде Президент өзі пәрмен беріп тоқтатқан болатын.

Қалай болғанда да қабылданған қаржы құжатындағы шығыстар мен кірістер арасындағы теңсіздік айқын аңғарылды. Бұл жәй ғана теңсіздік емес, тәуекелге толы сигнал болуы да мүмкін. Өйткені, болжамды жылдар аралығындағы бюджет тапшылығының бірнеше триллион теңгеге жетуі атқарушы жүйенің бас ауруы болып қала береді.

Ал бұл тапшылықты Үкімет қалай өтемек? Әдеттегідей! Теңсіздік жыл сайын Ұлттық қордан түсетін 2,7 трлн теңге кепілдендірілген трансфертпен және басқа көздермен жабылмақ. Демек, Ұлттық қорға иек сүйеу қазақ экономикасының алдағы үш жыл бойы да мұнайдан түсетін кіріс көзіне тәуелді болатынын білдіреді. Яғни, жылдар бойы қалыптасқан «мұнай – бюджет – әлеуметтік міндеттемелер» тізбегі 2028 жылға дейін өзгермейді деген сөз.

Деп келгенде, 2026–2028 жылдарға арналған бюджет – Үкіметтің әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және инфрақұрылымды жаңғыртуға күш салатынын көрсетеді. Алайда, кірістердің құрылымдық өсімінің болмауы мен шығыстардың жыл сайын артуы және Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділіктің сақталуы экономикалық модернизацияның ауылы алыс екенін меңзейді...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары