KZNews.kz
Қоғам

ҰҚКға қосылған АНТИКОРдың адымы ұзарды ма?

KZNEWS
Фото иллюстрация: kznews

Әуелі жағымды жаңалықтан бастасақ өткен айда антикор пара алу мен беру дерегін хабарлаған екі адамға ақшалай сыйақы төлеген. Қаржысы қомақты – 730 мың теңге. Құзырлы орган жемқорлықпен күресуде барлық тәсілдің нәтижелі болуы үшін аянбайтындарын, тіпті парақорларды ұстап бергендерден сыйақыны аямайтындарын анық көрсетті деуге болады.

Дерекке сүйенсек, өткен бір ай ішінде лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану фактісі бойынша 4 адам, билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 1 адам, пара алу фактісі бойынша 17 адам, пара берген 18 адам және парақорлыққа делдал болған 3 адам ұсталып, тергеуге алынған. Жалпы, тамыз айында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 51 құқық бұзушылық тіркелген. Ал 29 қылмыстың істің тергеуі аяқталып, сотқа жіберілген.

Деп келгенде, заң мен тәртіп қағидасына қатысты талап күшейген сайын жемқорлықпен ұсталған лауазымды тұлғалардың  саны да көбей түскендей. Дерекке сүйенсек, былтыр жемқорлыққа қатысты 1641 қылмыс тіркеліпті.  Оның ішінде жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі ашылған. Яғни, жемқорлыққа жол бергені үшін 1493 адам ұсталған. Бір қызығы, ұсталғандардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 лауазымды басшы болған екен.

Бұл тізім биыл да ұзара беретін сияқты. Өйткені, өткен 9 ай арасында бірнеше жоғары билік эшалонының өкілі ұсталды. Жақында пара алу дерегі бойынша «Еңбек ресурстарын дамыту" орталығының басшысы Ақмәди Сарбасов 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу кезінде қолға түскен. Рас, істі антикор емес, Қаржылық бақылау агенттігі жүргізіп жатыр. Маңыздысы басқа, Сарбасов биылғы сәуір айында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылған болатын. 

Ал антикордың ҰҚКға қосылған тұсындағы "ауға" түскен алғашқы үлкен "шортан" Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев болған сияқты. Ол өткенде 78 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған-ды.

Тоқетері, ҰҚК құрамына қосылған антикордың адымы ұзармаса, енді қысқармайтыны белгілі бола бастады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

KZNEWS
Автордың басқа материалдары