KZNews.kz
Жаңалықтар

«Ұлыңды соңғы рет құшақта»: Қазақстандық актриса күйеуінің «өлтіремін» деп қорқытып жүргенін айтты

Дархан Тоқан
Фото - Caravan.kz

Белгілі блогер әрі актриса Анель Аманғалиева өзін жарты жылдан бері бұрынғы күйеуі тыныш қоймай, аңдып-қудалап жүргенін жариялады, деп хабарлайды Kznews.kz

Оның айтуынша, ресми құжаттарда М.Б. есімді азамат әлі де оның жұбайы ретінде тіркелген және ажырасу процесіне кедергі келтіріп келеді.

Актрисаның сөзіне қарағанда, ер адам интимдік сипаттағы фото-видеолар арқылы қысым көрсетіп, қорқытып-үркітуге дейін барған. Ол Threads желісінде жарияламас бұрын өзіне келген хат-хабарламалардың бір бөлігін көпшілікке көрсеткенін айтады.

Анель Instagram парақшасында 2024 жылдың соңына қарай баласымен бірге жаңа некеге тұрғанын жазған. Ал бұрынғы күйеуімен 2014 жылдан бері таныс болғанын атап өтеді. Айтуынша, бастапқыда оның іскерлігіне деген құрметі мен сенімі жақын араласуға себеп болып, арада ұзақ достық болған.

«Мәселе ресми түрде некеге тұрған сәттен басталды. Ол менің басқа жігітпен кездескенімді біліп қалып, қатты ашуланды. Мені қорлап, тек өзі ғана қабылдай алатынын айтты. Мен өзімді кінәлі сезіне бастадым. Қоштасуды ұсынғанымда, ол мені жібергісі келмеді. Алты ай бойы бірде ұрысып, бірде татуласып жүрдік. Ол мені жаман адам екеніме сендірді», – дейді актриса.

Осы кезеңде олар бірге тұрмағаны айтылады. Анельдің сөзінше, ер адам қымбат сыйлықтар ұсынып, бірге демалысқа шақырғанымен, өзі қауіпсіз сезінбегендіктен, оның үйіне көшуден бас тартқан. Сонымен қатар, ол кезде күйеуінің компаниясында еңбек еткендіктен, табыстан айырылып қалудан да қауіптенгенін жасырмайды.

Актриса 2025 жылғы маусымда Грузияға сапар кезінде күйеуі қол көтеріп, мұрнын сындырғанын айтады. Оның айтуынша, дәрігерге тек Қазақстанға оралған соң қаралған, ал сол сәтте ер адам жедел жәрдем шақырмаған. Денсаулығын тексерткенде ми мен мойын аймағына КТ түсіріп, тиісті медициналық құжаттар берілгенін жеткізеді.

Осыдан кейін Анель қарым-қатынасты түбегейлі тоқтатуға шешім қабылдағанын, жұмысынан кетіп, өз ісін бастағанын айтады. Оның сөзінше, ер адам оның қаржылық тұрғыдан тәуелсіз екенін түсінген соң қысым күшейген.

Келесі жанжал Алматыда болғаны айтылады. Анель күйеуінің басқа әйелмен хат жазысқанын көрген соң қоштасуды ұсынуы төбелеспен аяқталғанын жеткізген. Бұдан бөлек, Ташкент әуежайында болған оқиғада да өзін қорқытып, телефоны мен сөмкесін тартып алғанын, кейін қауіпсіздігі үшін жасырынуға мәжбүр болғанын баяндайды.

Актрисаның айтуынша, қоқан-лоқыларға мән бермеген соң бұрынғы күйеуі интимдік фото және видеоларды таратып қорқытуға көшкен: жалған аккаунттар ашып, таныстары мен клиенттеріне жазып, кейін парақшаларды өшіріп, қайта ашып отырған. Тіпті клиенттерімен байланысқа шыққанын айтып, ол әріптестеріне жағдайды алдын ала түсіндіруге мәжбүр болғанын да жасырмаған.

Сондай-ақ Анельге тағы бір әйел 2025 жылдың қараша айынан бері осы ер адамның қудалауына ұшырап жүргенін айтқан. Актриса әлеуметтік желілерде бұрынғы күйеуінің бірнеше әйелмен жазысқан хаттарының үзінділерін де жариялағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, ер адамның ірі компанияларда басшылық қызметтер атқарғанын және түрлі жобаларға қатысу жоспары барын да сөз еткен.

Қазақстанда сталкинг үшін жаза күшейгені де назарға алынды. Мәліметке сай, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап сталкинг туралы жаңа заң күшіне енген: қайталанатын қоңыраулар мен хабарламалар, әлеуметтік желіде бақылау, аңду, жүріс-тұрысты қадағалау, үйі не жұмысына барып мәжбүрлеу, қорқыту сияқты әрекеттер жауапкершілікке негіз бола алады.

Заңгер Рауан Қалиев бұл тақырыпқа қатысты халықаралық тәжірибені мысалға келтірген.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда статистика жоқ. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, көбіне ерлі-зайыптылар, кәсіпкерлер бір-біріне сенбей осындай қадамға барады. Сондай-ақ оқушы, студент, қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынаста байқалады. Бізде мұндай қадамға барғандар 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл төлейді. Сондай-ақ түзеу жұмыстарына тартылып, 50 тәулікке дейін қамалады. Ал Ұлыбританияда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және айыппұл, Австралияда 5-тен 10 жылға дейін түрмеге қамау қарастырылған», - дейді заңгер.

Бұл жағдайға байланысты блогер Алматы қалалық полиция департаментіне арызданған. Полиция мәліметінше, қазір тексеру-тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Аталған дерек бойынша нақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатын болады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», - делінген полиция хабарламасында.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →