Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай наурыз айында дүниеге келетін сәбилердің ішінде ұлына Кенесары есімін қойған алғашқы 10 отбасыға 400 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Ол бұл бастама туралы Facebook парақшасында жазған. Айтуынша, өзі жетекшілік ететін компания Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай игі шара өткізбек.
“Алда наурыз айы, Ұлыстың ұлы күні де жақындап келеді. Осыған орай компаниямыз шара ұйымдастырмақшымыз. Ұлына Кенесары деп ат қойған алғашқы он отбасыға 400 мың теңге көлемінде жөргекпұл беру ойда бар.
Шарт бойынша, сәбилер наурыз айында дүниеге келуі тиіс. Қатысу үшін ата-аналар көрсетілген нөмірге баланың туу туралы куәлігін жолдауы қажет. Ықылас білдірушілер көп болуы мүмкін, сондықтан сыйақыны тек алғашқы он адамға табыстаймыз.
Бұл - мақтан үшін жасалып жатқан дүние емес. Дұрыс түсінбей, “ақшасы тасып жатыр ма?” деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Алайда біздің ниет – елге титтей болса да пайдамызды тигізу. Еліме, жеріме қасықтай болса да үлесім қосылса, сол - менің арманымның орындалғаны”, - деді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, Кенесары есімі қазақ үшін айрықша мәнге ие. Себебі бұл атау азаттық жолында күрескен тарихи тұлға Кенесары Қасымұлының есімімен байланысты. Бастама арқылы батыр баба есімін ұлықтап, ұлттық рухты көтеру көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін де осыған ұқсас акция өткен. Нұрсейіт Жылқышыбайдың бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұлына Құнанбай есімін берген 10 ата-анаға 300 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін сыйақы табысталған еді.