Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жасқа қараған шағында Василий Зинченко өмірден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Василий Иванович 28 наурыз күні, 102 жасқа толуына бір күн қалғанда дүниеден озды. Ол 1924 жылы 29 наурызда Алтай өлкесінің Хабаров ауданындағы Заливное ауылында дүниеге келген. 1939 жылы отбасы Қазақстанға қоныс аударған.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Зинченко Қызыл Армия қатарында қызмет етіп, барлаушылар мектебінен өткен. Ол Ленинград, 2-Украин және Беларусь майдандарында шайқасып, Сталинград шайқасы қорғанысына, Украина мен Польшаны азат етуге, сондай-ақ Берлинді алуға қатысқан.
Василий Зинченко – аты аңызға айналған барлаушылардың бірі. Ол Сталинград түбінде неміс әскерлері талқандалғаннан кейін фельдмаршал Фридрих Паулюсті алып жүру операциясына қатысқан.
Соғыстан кейін ол Өзбекстан мен Түрікменстандағы әскери оқу орталықтарында қызмет етіп, кейін Алматыға қоныс аударып, азаматтық салада еңбек етті.
Ерлігі мен батырлығы үшін Василий Иванович «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.