Ұлттық банк ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжам раундының нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауы мен инфляция тәуекелдерінің теңгеріміне сүйене отырып қабылданды", - делінген хабарламада.
Реттеушінің хабарлауынша, жылдық инфляция 2026 жылғы ақпанда болжамдарға сай келіп, 11,7%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 12,2%). Инфляцияның барлық компоненті қарқынның төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. Азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі 12,7% (12,9%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – 11,6% (11,7%), ақылы қызметтер бойынша – 10,8% (12%) болды.
Дезинфляцияға ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының нығаюы, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің баяулауы, ЕТРТ-ні кезең-кезеңімен арттыру және теңестіру операциялары арқылы артық өтімділікті қысқарту, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы бірлескен кешенді шараларын іске асыру ықпал етеді. Сонымен қатар инфляцияның төмендеуіне ТКҚ және ЖЖМ бағасын көтеруге қойылған мораторий де үлес қосады. ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың инфляция динамикасына әсері шектеулі ретінде бағаланады.
Дегенмен, айлық инфляция 2026 жылғы ақпанда жеделдеп, 1,1%-ды құрады. Базалық инфляция ақпанда 0,8% болды.
Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері төмендеді (ақпанда – 13,7%), бірақ жоғары әрі құбылмалы. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға инфляция бойынша ақпандағы күтулері 10,0%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 10,8%).
Азық-түліктің әлемдік бағасы баяулап келеді. Сүт өнімдері мен қант бағасының төмендеуі сақталып отыр. Дәнді дақылдар мен өсімдік майының әлемдік бағасы өскені байқалды.
Ресей Федерациясында инфляция әлі де жоғары, таргетке жету 2027 жылы күтіледі. ЕО-да бағаның өсуі тұрақты түрде төмен болып қалып отыр. АҚШ-та инфляция ФРЖ-ның сараланған саясаты жағдайында нысанаға жақындап келеді.
Базалық сценарий аясында бірінші жартыжылдықта Brent маркалы мұнайдың бағасы Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне байланысты сақталып отырған жоғары бағалар аясында бұрынғы алғышарттардан уақытша жоғары болатыны болжанады. Бұдан кейін әлемдегі сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің нәтижесінде мұнай бағасы 1 баррель үшін 60 АҚШ долларына жуық деңгейге дейін біртіндеп төмендейді деп болжанады. Болжамға сәйкес, 2026 жылы баға орта есеппен 1 баррель үшін 66,3 АҚШ долларын құрап, кейінгі жылдары 60 АҚШ доллары деңгейінде тұрақталады.
Неғұрлым жоғары мұнай бағасын ескере отырып, 2026 жылға инфляцияның болжамы нақтыланды. Бағалардың өсуі 9,5-11,5 шегінде бағаланады. Дегенмен, Ұлттық Банк Үкіметпен бірлескен іс-қимылдарды іске асыру, болжамды фискалдық және квазифискалдық саясатты қамтамасыз ету, ТКҚ мен ЖЖМ-ның инфляцияның өсуіне қосатын үлесін төмендету арқасында бағаның өсуі бір мәнді деңгейге жетеді деп күтеді. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп болжанып отыр. 2028 жылдың қорытындысы бойынша ол 5%-дық таргетке жақын қалыптасады.