Украина Венгриядан украиналық инкассаторларды ұстау кезінде тәркіленген ақша мен алтын слитоктарын қайтаруды талап етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл жағдайды «мемлекеттік бандитизм мен рэкеттің бұрын-соңды болмаған әрекеті» деп бағалады.
«Бұл қаражат Венгрияға немесе оның үкіметіне тиесілі емес. Олар Украинаның мемлекеттік банкі «Ощадбанкке» тиесілі. Яғни, украиналық салық төлеушілерге тиесілі», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
«Ощадбанк» та Венгриядан инкассаторлық көліктер мен құнды заттарды қайтаруды талап етті. Банк тасымал халықаралық келісім аясында, «Ощадбанк» пен Австриядағы «Райффайзен» банкі арасындағы шартқа сәйкес жүргізілгенін, ал жүк халықаралық тасымалдау ережелері мен Еуропалық кеден рәсімдеріне сай ресімделгенін мәлімдеді.
«Венадан Украинаға жеткізілуі тиіс болған қаражат «Ощадбанкке» тиесілі. Бұл қаражат банкке украиналық азаматтар мен бизнес тарапынан сеніп тапсырылған. Олар Украинаға айналымға енгізу және қолма-қол ақша нарығын қамтамасыз ету үшін жіберілген», – делінген банктің ресми мәлімдемесінде.
5 наурызда Венгрияда жеті украиналық инкассатор ұсталды. Олар Венадан Украинаға 40 миллион доллар, 35 миллион евро және тоғыз килограмм алтын тасымалдаған. Заңсыз ақшаны заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Венгрия билігі ұсталған украиналықтарды елден шығаратынын хабарлады. 6 наурызда инкассаторлар Украинаға оралғанымен, көлік, ақша мен алтын әлі қайтарылған жоқ.