Украина дрондары шабуылдаған Wildberries 7 шілдеден бастап платформаға жаңа ережелер енгізді. Оған сәйкес, дрондар шабуылының салдарынан тауар бүлінсе немесе жоғалса, маркетплейс ол үшін жауап бермейді, деп хабарлайды kznews.kz.
18 шілдеде Украина Қарулы күштерінің дрондармен жасаған шабуылынан Ресейдегі Wildberries қоймаларында зардап шеккендер саны артты. Мәскеу облысында 61 адамның зардап шеккені белгілі болды. Бұған дейін 37 адам деген ақпарат тарады. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, жараланғандардың бірі ауруханада көз жұмған.
“Зардап шеккендердің 20-сына амбулаториялық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызуды қажет етпеді. Қазір 9 адамның жағдайы ауыр, ал 31 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Барлығы дәрігерлердің бақылауында және қажетті ем алып жатыр. Көпшілігіне жарылыс пен жарықшақтан жарақат алу, бас-ми жарақаты, сүйек сынуы, күйік және түтінге улану диагнозы қойылған”, – деді Андрей Воробьев.
Ең көп зардап шеккендер Электросталь қаласында – 57 адам, ал Ногинск аумағында тағы 4 адам жараланған.
Ресейдің Тергеу комитеті бұл оқиғаға байланысты терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
18 шілде кешінде Қырғызстанның бір азаматының зардап шеккені белгілі болды. Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 21 жастағы жігіт жеңіл жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Оның жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ елшілікке қоймада түнгі ауысымда жұмыс істеген 21 жастағы қызға қатысты ақпарат түскен. Кейін оның жұмыстан ертерек кеткені, ал телефонының өшірулі болғаны анықталған.
Бұдан бөлек, екі Қырғызстан азаматы эвакуацияланып үлгергенімен, құжаттарынан айырылғаны хабарланды.
Кәсіпкерлер шығыны
Ресей Мемлекеттік думасы жанындағы Сарапшылар кеңесінің мүшесі Дмитрий Тортев Федералдық монополияға қарсы қызметтің басшысы Максим Шаскольскийге Wildberries-ке қатысты тексеру жүргізуді сұрап, ресми өтініш жолдады.
Оның айтуынша, Wildberries пен Ozon дрон шабуылынан болатын қаржылық тәуекелді сатушылардың мойнына жүктейтін жаңа ережелерді бір уақытта дерлік енгізген, бұл нарықтағы ықтимал келісілген әрекеттердің белгісі болуы мүмкін.
Тортевтің сөзінше, мұндай жағдайға дер кезінде назар аударылмаса, бұл мыңдаған кәсіпкерге шығын келтіріп, цифрлық платформалардың ережелерді біржақты өзгертуіне жол ашатын қауіпті тәжірибеге айналуы мүмкін.
Ал Wildberries қоймаларындағы өрттен тауарынан айырылған сатушылар шығын көлемін есептеп жатыр. Askin корей косметикасы брендінің негізін қалаушылар Марина мен Глеб Горшковтардың айтуынша, Электросталь қоймасындағы өрт салдарынан бизнесінің шамамен 40%-ы жойылған. Осыған байланысты олар қалған тауарларға сатып алушылар үшін үлкен жеңілдіктер ұсынған.
Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.
Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
"Бұған дейін айтқанымдай, компаниямыз Электросталь мен Котовск қалаларындағы логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубль, ал ауыр жағдайда жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленеді. Марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – деді Татьяна Ким.
Ол өтемақы төлеу тәртібі, қолдау шаралары және оларды алу жолдары туралы толық ақпарат сатушылар порталында жарияланатынын айтты.