Мәскеуде өткен келіссөздер Еуропаның ішкі саясатында да, Украинадағы соғыс төңірегіндегі халықаралық дипломатияда да жаңа сұрақтар тудырды. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Ресей президенті Владимир Путинмен бірнеше күннен кейін басталатын АҚШ–Ресей арасындағы Украинаға қатысты келіссөздер алдында жүздесті.
Кездесудің өзі күтпеген суық атмосферада өтті. BBC-дің Будапешттегі тілшісі Ник Торптың айтуынша, делегациялар амандасқан сәтте Орбан абайсызда Путинге соқтығысып қалды. Венгриядағы тәуелсіз басылымдардың бірі Путиннің сөзін венгер тіліне “жұмсартып”, әлдеқайда жағымды етіп аударғанын да хабарлады.
Дегенмен, кездесу аяқталған соң Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто әлеуметтік желіде: Мәскеуге барған миссия нәтижесіз болмады, Будапешт мұнай мен газ жеткізіліміне кепілдік алып, «Пакш» атом электр станциясының құрылысын жалғастыру жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді.
Орбан Еуропада Ресейге ең жақын саясаткерлердің бірі саналады. Оның ұстанымы НАТО мен ЕО-дағы серіктестерін ашық күйзелтіп, Ресейге қарсы ортақ позицияның әлсіреуіне ықпал етіп келеді.
Путин келіссөз барысында Венгрияның Украина мәселесіне қатысты “салмақты да байсалды” көзқарасын атап өтті. Сонымен қатар ол Ресей мен АҚШ президенттерінің мүмкін саммитін Будапештте өткізу жөніндегі ұсынысы үшін Орбанға алғыс білдірді.
Путиннің айтуынша, мұндай бастаманы алғаш Дональд Трамп ұсынған:
“Бұл Дональдтың идеясы болды. Ол: біздің Венгриямен қарым-қатынасымыз жақсы, сенің Виктормен байланысың жақсы, менің де сондай, сондықтан саммит үшін Будапешт жарайды деді. Әрине, біз бұл ұсынысты қуана қабылдадық”.
Будапештте “бейбіт саммит” өткізу жоспары қазан айында пайда болған еді. Алайда көп ұзамай бастама тоқтап қалды. Бұған дипломатиялық дереккөздердің айтуынша, Ресейдің соғысты тоқтату үшін қойған тым максималистік талаптары және ымыраға келуге құлықсыздығы себеп болған.
Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның айтуынша, Венгрия – егемен мемлекет, сондықтан премьер-министр Орбанның Мәскеуге сапары үшін ЕО елдерінен рұқсат сұрамайды.
Бұған дейін Германия канцлері Фридрих Мерц Орбанның Ресейге ЕО мақұлдауынсыз, ешқандай ортақ мандатсыз барғанын айтқан еді.