KZNews.kz
Әлеумет

Үкімет ата-аналар үшін жұмыс уақытын қысқарту ұсынысын талқылайтын болды

Жарқын Омаров
Фото: istockphoto.com

Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанда ата-аналар үшін жұмыс уақытын қысқартуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистер жуырда Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ата-аналар үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынғанын айтып, министрден бұл бастамаға қалай қарайтынын, экономика үшін мұндай шара қаншалықты орынды деп сұрады.

Серік Жұманғарин бұл бастаманы толығырақ зерттеу қажет екенін айтты.

«Әлем тәжірибесінде мұндай тәжірибе бар. Біреу үйде болса, тұрмыстық жұмыстармен айналысса, әсіресе балалармен болса, бұл да өндірістік еңбек болып есептеледі. Бұл көрсеткіштер экономикалық есепте жоққа шығарылмайды. Барлық нәрсе есептеледі, экономикада бәрі саналады. Сондықтан бұл бастаманы тереңірек зерделеу қажет», - деді вице-премьер Сенат кулуарында.

Ол сондай-ақ депутаттар бастамасын ресми түрде енгізген кезде Үкімет оны қарауға міндетті екенін айтты.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кішкентай балаларды тәрбиелейтін ата-аналар үшін жұмыс күнін бір сағатқа қысқартуды ұсынған еді.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары