Кардиолог Андрей Кондрахин ұйқы кезінде адам өміріне қауіп төндіретін бірнеше негізгі себепті атады. Оның айтуынша, мұндай қатер тек егде жастағыларға ғана тән емес, кей жағдайда кез келген жаста кездесуі мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Сырт көзге ұйқы тыныш көрінгенімен, дәл осы сәтте ағзадағы кейбір күрделі өзгерістер үнсіз жүріп жатады. Адам 7-8 сағат бойы айналасынан оқшауланған күй кешеді, ал сол уақытта жүрек, қан айналымы мен тыныс алу жүйесіндегі ақаулар асқынып кетуі ықтимал.
Маманның сөзінше, ұйқыда оянбай қалудың ең жиі себептерінің бірі – жүрек ырғағының бұзылуы. Жүрек соғысының кенет өзгеруі кейде еш белгі бермей-ақ ауыр жағдайға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан бұл қауіп тек жасы үлкен адамдарға ғана қатысты деу жаңсақ.
Дәрігер атаған тағы бір қатерлі себеп – тромбоз. Қан ұйып, тамыр бітелген жағдайда ағзаға оттегі мен қанның жетуі қиындайды. Әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесінде мәселесі бар адамдар үшін бұл өте қауіпті.
Бұдан бөлек, гастроэзофагеальды рефлюкс те елеусіз қалдыруға болмайтын дерттердің бірі саналады. Кардиолог кей жағдайда дәл осы жағдай ұйқы кезіндегі қайғылы жағдайға әсер етуі мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ адам түн ішінде инсульт алып, оянбай қалуы да ғажап емес.
Қауіпті факторлардың бірі – апноэ, яғни ұйқы кезінде тыныстың уақытша тоқтап қалуы. Дәрігердің түсіндіруінше, мұндай кезде адамға ауа жетпей, жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Сондықтан қорыл, тыныстың жиі үзілуі секілді белгілерді елемеуге болмайды.
Кардиолог түнгі өлімге әкелетін өзге де себептер барын атап өтті. Олардың қатарында алкогольден улану, психостимуляторлардың әсері және ұйықтататын дәрілердің артық дозасы бар. Демек, кей жағдайда қауіп белгілі бір аурудан емес, бақылаусыз қабылданған заттардан туындайды.
Маман жас факторына ғана сүйенуге болмайтынын да ескертті. Оның айтуынша, жүрекке байланысты кенет өлім кез келген жаста кездеседі, ал жастарда мұндай жағдай кейде генетикалық бейімділікпен байланысты болуы мүмкін.
Мұндай қатердің алдын алу үшін дәрігер жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұруға кеңес береді. Сондай-ақ жарақаттан немесе операциядан кейін дәрігер нұсқауын қатаң сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және ұйқы сапасына мән беру маңызды.