Әнші әрі тележүргізуші Аша Матай Құрылтай депутаттығына кандидат болған кезде қоғам тарапынан айтылған сынның өзіне психологиялық тұрғыда ауыр тигенін айтты. Өнер иесі бұл туралы сол кезеңді еске ала отырып мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің сөзінше, қоғам назарында болу және үздіксіз сын есту оған оңайға соқпаған. Ол сол уақытта эмоционалдық тұрғыдан қиын кезеңді бастан өткергенін жасырмады.
«Ұйықтай алмай, тамақ іше алмай қалған кездерім болды. Менің жүрегім нәзік, өнер адамымын ғой. Жылаған күндер де болды. Бәрі артта қалды. Бір өліп, бір тірілгендей болдым», – деді Аша Матай.
Сайлау қорытындысында Қазақстан Халық партиясы 3,11 пайыз дауыс жинап, депутаттық мандатқа мүмкіндік беретін 5 пайыздық межеге жете алмады. Осыған байланысты партия атынан кандидат болған Аша Матай да Құрылтай депутаты атанған жоқ.
Оның кандидат ретінде ұсынылуы қоғамда өнер өкілдерінің саясатқа араласуы жөнінде пікірталас туғызды. Бірқатар азаматтар шоу-бизнес өкілдерінің саяси қызметке келуіне қатысты сұрақ көтерсе, басқа пікір білдірушілер әр азаматтың қоғамдық-саяси өмірге қатысуға құқығы бар екенін алға тартты.