Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары Айман Талғатқызы әлеуметтік желідегі жазбасында өзін «дайынға келдің» деп сынағандарға жауап беріп, қазіргі тұрмыс-тіршілігін көпшілікке ашық көрсетті, деп хабарлайды Kznews.kz Sn.kz-ке сілтеме беріп.
Айманның айтуынша, үйде әлі ас үй жиһазы толық келмегендіктен, кей шаруаны уақытша қолмен атқарып жүр. Сондай-ақ ол қазір суды тасып ішетіндерін де жасырмады. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол бұл жағдайға мойымайтынын, керісінше шүкіршілік ететінін жазды.
«Ыдысты да қолмен жуамын десем, сенесіздер ме? Бірақ солай. Есесіне рухани баймын. Негізі неше түрлі ас пісіре аламын, бірақ ас үйдегі жиһазым келсін. Сосын патырлатып көрсетіп, салып отырамын. Әзірге лажы осы. Суды да тасып ішіп жүрміз. “Дайынға келдің, аспаннан салбырап түстің” демеңдер, айналайындар. Сондықтан үйдің әр бұрышының әдемілігі, иісі мен берекесі әйелге байланысты. Жоқ деп жылап, қайғырып жатқаным жоқ. Керісінше, шүкір. Адал еңбекпен келген әр бұрышта, әр затта береке бар, түсінген жанға. Осы барыммен күнде тамақ жасап, бірге бөлісіп отырайық, қалай?», деп жазды ол.
Желі қолданушылары бұл жазбаға түрлі пікір қалдырып, бір бөлігі қолдау білдірсе, енді бірі тұрмыстың барлығы уақытша екенін айтып, сабыр тілеген.
