KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Уақыт емдемейді екен": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуін еске алып, елді жылатты

• Қайсар Қанат

Өнер иесі марқұм күйеуінің дүниеден өткен күніне орай ас беріп, рухына Құран бағыштаған. Діни рәсімге Нұрлан имам қатысып, дұға жасаған.

Сонымен қатар Ләйлә Сұлтанқызы мен ұлдары Сағадат және Сардардың атынан марқұмның рухына бағышталып, «Нұр-Мүбарак» ислам университетінің құрылысына қайырымдылық жасалған. Атап айтқанда, оқу орнының құрылысына садақа ретінде 210 кірпіш қаланған.

Тележүргізуші Instagram парақшасында күйеуіне деген сағынышын жасырмай, онсыз өткен төрт жылдың өзіне оңай соқпағанын жеткізді.

«Қарашаның ызғары… Қайрекеңнің бақилық болғанына бүгін төрт жыл… Өзіңсіз төрт күз, үш қыс, төрт көктем өтті. Бірақ сен кеткен қарашаның ызғары бәрібір жүрегімізден кеткен жоқ…

Уақыт емдемейді екен. Тек сағынышпен өмір сүруді үйретеді. Оңай емес… Қатты қиналған сәттерде ешкімге көрсетпей, кейде оңаша жылап аламын. Шыным. Кейде сенімен ойша сөйлесемін, сырласамын…

Қайреке, Сағадат пен Сардар өсіп келеді. Жиен немерең Таймас өмірге келді. Үлкен немерең Ажар шетелде білім алып жүр. Ағайын-туыс аман. Сені сағынышпен еске алып, үнемі дұғасына қосып жүретін жақындарың бар. Соның бәріне шүкіршілік етемін. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Алла алдынан жарылқасын», — деп түйіндеді сөзін тележүргізуші.

Ләйлә Сұлтанқызы жазбасында уақыт өтсе де, жақын адамынан айырылудың қайғысы мен сағынышы жүрегінен кетпегенін білдірген.

Ол марқұм жолдасына отбасындағы жаңалықтарды ойша айтып, балалары мен немерелерінің өсіп келе жатқанын бөліскен.

Тележүргізуші өміріндегі қиын сәттерде жұбайын ерекше сағынатынын, кей кездері оңаша қалып, көз жасына ерік беретінін де жасырмаған.

Осылайша, Ләйлә Сұлтанқызы өмірден өткен жарының рухына тағзым етіп, оның отбасы үшін орны бөлек екенін тағы бір мәрте жеткізді.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →