16-тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен жүру ақысы екі есеге өседі. Бұл шешім Көлік министрлігінің ақылы жолдарды пайдалану қағидаларына енгізген өзгерістеріне сәйкес қабылданып отыр екен.
Ұзындығы шамамен 66 шақырымды құрайтын айналма жол Алматы қаласын толық айналып өтеді. Жолдың негізгі мақсаты халықаралық және республикалық маңызы бар транзиттік көліктерді қала көшелеріне кіргізбей өткізу, мегаполистегі кептелісті азайту, экологиялық жүктемені төмендету және жүк тасымалының уақытын қысқарту болып отыр.
Ал жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылған еді. Құрылысқа салынған инвестиция көлемі 500 млрд теңгеден асады. Яғни, ҮААЖ Қазақстандағы концессиялық негізде жүзеге асқан ең қымбат көлік жобаларының бірінен саналады.
Тарифке оралайық. Енді ҮААЖ жеңіл автокөліктер үшін бір сағат ішіндегі жүру құны 302,75 теңгеден 605,5 теңгеге дейін артады. Жүк көліктері мен автобустарға арналған тарифтер де дәл осындай көлемде ұлғаяды.
Дегенмен, жол ақысын алдын ала төлеген немесе сапардан кейін жеті жұмыс күні ішінде өтеген жүргізушілер үшін 50 пайыздық жеңілдік сақталады екен.
Дерек бойынша, Алматы агломерациясында автокөлік саны жыл сайын артып келеді. Қала мен оған іргелес аудандар арасында тәулігіне жүздеген мың көлік қатынайды. Осындай жағдайда айналма жолдың стратегиялық рөлі бұрынғыдан да күшейіп отыр. Демек, ҮААЖ тарифінің өсуіне қатысты Үкіметтің уәжі орынды сияқты. Өйткені,
Көлік министрлігі ақылы жолдардан түсетін қаражат жолдарды күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарына, қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге және инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалатынын бірнеше рет мәлімдеген.
Яғни, жол пайдалануға берілгеннен кейін де оған тұрақты қаржы қажет. Жол жабынын жөндеу, қар тазалау, жарықтандыру, бейнебақылау жүйелері, жол белгілері мен инженерлік құрылыстардың барлығы үздіксіз қызмет көрсетуді талап етеді. Сондықтан тарифтің қайта қаралуы инфляциялық процестермен және пайдалану шығындарының өсуімен де байланысты екені айтылуда. Бірақ, жүргізуші төлемді уақытылы жасаса, оған 50 пайыздық жеңілдік беріледі. Яғни жеңіл автокөлік иелері үшін нақты төлем бұрынғы деңгейге жуық болып қалады-мыс. Ал белгіленген мерзімнен кешіктірілген жағдайда толық тариф қолданылады.
Тоқетерін айтқанда, мемлекет жүргізушілерді электронды төлем жүйесін пайдалануға және жол ақысын уақытылы төлеуге ынталандырып отыр.
Әлбетте, кез келген ақылы жол тарифінің өзгеруі бірінші кезекте жүк тасымалдаушыларға әсер етеді. Өйткені, логистикалық компаниялар тәулігіне ондаған, кейде жүздеген рейс орындайды.Яғни, көлік шығындарының артуы жүк жеткізу бағасының өсуіне алып келуі мүмкін. Ал бұл шығындар кейіннен өнімнің өзіндік құнына қосылады. Әсіресе, азық-түлік, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және күнделікті тұтыну тауарларының бағасына жанама ықпал етуі ықтимал екен...