Тываның тұңғыш президенті Шериг-оол Ооржак 83 жасында өмірден өтті, деп жазады kznews.kz.
Бұл туралы өңір басшысы Владислав Ховалыг өзінің Telegram арнасында хабарлады.
Шериг-оол Ооржак – ерекше энергиясы мен ісіне адалдығы арқылы танылған көрнекті мемлекет қайраткері болған. Ол өңірді 90-жылдардың ең қиын кезеңінде басқарды. Сондай-ақ оған жаңа Ресей қалыптасып жатқан уақытта аймақ тағдыры үшін үлкен жауапкершілік жүктелді.
Аймақ басшысы бірінші президенттің көрегендігі мен табандылығының арқасында республикада тұрақтылық сақталып, болашақ дамудың негізі қаланғанын атап өтті. Ол марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Бұл – әрбір тұрғын үшін жеке қайғы. Тываның тұңғыш президенті туралы жарқын естелік халық жадында мәңгі сақталады", – деп жазды Ховалыг.
Шериг-оол Ооржак 1942 жылдың 24 шілдесінде дүниеге келген. Ол 1992-2002 жылдары Тыва Республикасының президенті болды. Ал 2002-2007 жылдары республика үкіметінің төрағасы қызметін атқарды.