KZNEWS.KZ
Әлем

Түркиядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны артты

• Айжан Сыланова
Фото: AP Photo / Hakan Akgun

Түркияның Ыстамбұл қаласы мен Коджаэли провинциясында болған алапат су тасқынынан сегіз адам көз жұмды. 19 қазанда құтқарушылар тағы екі адамның мәйітін тапқан. Қазір жоғалған бір адамды іздеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

14 қазанда басталған нөсер соңғы 80 жылдан астам уақыттағы ең күшті жауын-шашынның бірі болды. Бейкоз ауданында бір шаршы метрге 277,1 литр жаңбыр жауған. Бұл — 1942 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш әрі қазан айындағы орташа мөлшерден төрт еседен астам көп.

Су көшелерді, жерасты өткелдерін, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарды басып, көліктерді ағызып әкеткен. Табиғи апат салдарынан 14 жастағы жасөспірім де су жиналған жерде электр тогына түсіп, көз жұмған. Нөсерге байланысты мектептерде сабақ уақытша тоқтатылып, тұрғындарға аса қажеттілік болмаса, үйден шықпау ескертілді.

19 қазанда Ыстамбұлдағы Айвансарай айлағы маңынан із-түссіз жоғалған Хашим Джиритлиоғлудың мәйіті табылды. Сондай-ақ Коджаэлидің Гебзе ауданында үш адам мінген жол талғамайтын көлікті су ағызып әкеткен. Жүргізуші аман қалғанымен, көліктегі екі адам қаза тапқан.

Жергілікті билікке тасқыннан келген шығынға қатысты 20 мыңға жуық хабарлама түскен. Қазір зардап шеккен аумақтарда суды сору, көшелерді тазалау және бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Ыстамбұлдың Аязаға ауданында су арнасын қалпына келтіру үшін оның бойындағы кейбір ғимараттарды бұзу басталған. Билік олардың бірқатары рұқсатсыз салынғанын мәлімдеді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →