Түркістан облысында алты жасар қыздың анасы тоғызыншы сынып оқушысын қызына қатысты зорлық әрекетін жасауға талпынды деп айыптады, деп хабарлайды kznews.kz телеграмдағы "Письма Президенту" арнасына сілтей отырып.
Оқиға, әйелдің айтуынша, Отырар ауданына қарасты ауылдардың бірінде болған. Анасының сөзінше, арыз жазылғанымен, тиісті шаралар қабылданбаған: күдікті бостандықта жүр, ал тергеуші мал ұрлығы ісіне байланысты қолы тимей жатқанын айтқан.
«Осы оқиғадан кейін қызымызды Түркістан қаласындағы гинекологқа апардық. Дәрігерлер зорлық әрекетіне талпыныс болғанын айтты, бірақ қызымыз дене жарақатын алмаған. Біз соған да шүкір дедік. Мұны жазбаша түрде тіркеп беруді сұрағанымызда, олар сарапшылардың жұмысына араласа алмайтындарын айтты. Сол жерде 102 нөміріне хабарласып, қылмыстық іс қозғалды», – деді жәбірленушінің анасы.
Полиция өкілдері бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ сараптама қорытындысы бойынша қыздың денесінде жарақат белгілері анықталмағаны айтылды.
«Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша кәмелетке толмаған қызға қатысты заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ. Соған қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.