KZNews.kz
Аймақ

Түркістан облысындағы 12 адамның қазасы: тың дерек шықты

Жарқын Омаров
Фото: ТЖМ

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйдегі өрт кезінде үйде екі отбасының бірге болғаны белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Үйде ата-аналары және олардың балалары – екі отбасы бірге тұрған. Өрт шығып, соның салдарынан үйдің шатыры опырылған", - деді ол.

Оның айтуынша, өңірлік уәкіл психологиялық қолдау орталығының мамандарымен бірге оқиға орнына кеткен.

Өрттен аман қалған үш адамның қазір жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы олардың жағдайы ауыр екенін хабарлады.

"Екі ересек пен бір бала медициналық мекемеге жеткізілді. Үшеуі де жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Оларға қарқынды терапияның толық көлемі көрсетіліп, салалық мамандардың бақылауында", - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен бірге облыстық медицина ұйымдарынан қосымша мамандар тартылып, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек қамтамасыз етілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, Үкімет пен облыс басшылығына зардап шеккендердің жақындарына барлық қажетті қолдау көрсетіп, оқиғаны жан-жақты тергеуді тапсырды.

Еске сала кетсек, 18 қараша күні таңертең Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке үйден 12 адамның мүрдесі табылып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілген.

 

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары