Аймақ

Түркістан облысында жоғалған екі туристің бірі құтқарылып, бірі қаза тапты

Түркістан облысында жоғалған екі туристің бірі құтқарылып, бірі қаза тапты

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, олар 1996 және 1997 жылы туған. Іздестіру-құтқару жұмыстары бірден басталып, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағында, теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте орналасқан Сайрамсу шыңы маңында жүргізілген. Бұл аймақ Қасқасу ауылынан шамамен 8 шақырым қашықта.

Қиын әрі қауіпті тау бөктерінде «Ізгі ниет» асуы ауданында жүргізілген операция барысында құтқарушылар жоғалғандардың бірімен дыбыстық байланыс орнатқан. Оның айтуынша, екінші турист – Өзбекстан Республикасының 1996 жылы туған азаматы.

Жартасты бедерге байланысты тікұшақ жақындай алмағандықтан, құтқару тобы жаяу жетуге мәжбүр болды. Іздеу жұмыстарына қолдау көрсету үшін Шымкенттен Қазақстан альпинизм федерациясының бес кәсіби альпинисті жеткізіліп, құтқарушылармен бірге арнайы жабдықты пайдаланып, жартастарға көтерілді. Нәтижесінде олар тірі қалған туристі құтқарып, екінші адамның денесін тапты.

Құтқарылған азамат атпен таудың етегіне жеткізіліп, туыстарына тапсырылды. Қаза тапқан адамның денесі түсіріліп, полицияға берілді.

Операцияға ТЖМ-нің 18 құтқарушысы мен 5 техникасы, орман шаруашылығы мен полиция бөлімшелері, альпинистер, сондай-ақ ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараттары мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылған.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz