Әлбетте, жекелеген облыстарға бөлінген субвенция көлемінің көбеюін аймақтардағы экономикалық әлсіздіктің жалғыз өлшемі деп қарастыруға болмайды екен. Бұл жерде өңірлердегі халық саны, әлеуметтік инфрақұрылым, бюджет шығыстары және салық базасы қатысты мәселелер алдыңғы орынға шығады.
Жалпы, аймақтардың республикалық бюджетке тәуелділігі біркелкі емес. Бірқатар облыс өз кірістері есебінен шығыстарының едәуір бөлігін өтесе, енді біріне әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін орталықтан қомақты қаржы бөлінеді. 2026 жылғы бюджет деректері бұл айырмашылықты айқын көрсетеді.
Соның ішінде Түркістан облысына тиесілі субвенция көлемі ерекше назар аудартады. 2025 жылғы 8-желтоқсанда қабылданған №238-VIII заң бойынша Түркістан облысына 2026 жылы шамамен 1,14 трлн теңге субвенция қарастырылған. 2027 жылы бұл сома 1,248 трлн теңге, 2028 жылы 1,215 трлн теңге болып белгіленген.
Осы жерде субвенцияның жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстары арасындағы айырманы жабуға арналған республикалық бюджет трансферті екенін ескеруіміз керек. Сондықтан оның көлемі өңірдің экономикалық әлеуетімен қатар, халық санына, әлеуметтік міндеттемелеріне және жергілікті кірістеріне де байланысты.
Дегенмен, Түркістан облысына бөлінетін қаржының ауқымы өңір бюджетінің республикалық қолдауға тәуелді екенін көрсетеді. Бірақ, осы көрсеткіштің өзімен облыстың экономикалық дамуын әлсіз деп бағалау әділетті болмас еді. Ол үшін нақты кірістердің серпіні мен бюджет шығыстарының құрылымын да салыстырып көрейік. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, Түркістан облысының 2026–2028 жылдарға арналған бюджеті бойынша 2026 жылғы кірістер 1,274 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Оның ішінде трансферттер түсімі 1,188 трлн теңге деп көрсетілген.
Ал облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша бюджет түсімдерінің жоспары 118 пайызға орындалып, жоспардан 58,3 млрд теңге артық түсім қамтамасыз етілген. Өзіндік кірістер 70,8 млрд теңгені құрап, жоспардағы көрсеткіштен 10,6 млрд теңгеге асып түскен. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістер 8 пайызға өскен. Бұл назар аударуға тұрарлық көрсеткіш. Цифрлар облыстың жергілікті кірістерін арттыруға мүмкіндігі бар екенін аңғартады. Алайда, бірінші тоқсандағы жоспардың асыра орындалуы жылдық бюджет нәтижесімен тең емес екен. Дегенмен, нақты қорытынды жасау үшін жыл соңындағы орындалу көрсеткіштерін күтуге дайынбыз.
Екіншіден, облыстық бюджет пен бүкіл өңірдің жиынтық жергілікті бюджет құрылымын шатастырмау керек. Өйткені, облыстық бюджетте көрсетілген салықтық түсімдер барлық аудан мен қаланың кірістерін түгел қамтымайды. Сондықтан жекелеген бюджеттің салықтық түсімдерін облыстың жалпы экономикалық әлеуетімен тікелей салыстыру жаңсақ қорытындыға әкелуі мүмкін.
Бірақ, аймақтың субвенцияға тәуелділігі маңызды екенін де ескеруіміз керек. Жалпы, бұл жерде субвенцияның өзі мәселе емес. Ол өңірлер арасындағы қаржылық теңсіздікті азайтуға, мектептерді, ауруханаларды, жолдарды және басқа да қоғамдық қызметтерді қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бір қарағанда ең әділетті шешім. Алайда, мұндай қолдаудың ұзақ мерзімді нәтижесі өзін-өзі ақтап отыр ма деген заңды сауал туады. Егер республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы инфрақұрылымды жақсартып, кәсіпкерліктің дамуына, өндірістің ұлғаюына және тұрақты жұмыс орындарының ашылуына ықпал етсе, оның экономикалық қайтарымы болды деген сөз. Жоғарыда Түркістан облысына 2026 жылы шамамен 1,14 трлн теңге субвенция қарастырылғанын айттық. Ал 2027 жылы бұл сома 1,248 трлн теңге, 2028 жылы 1,215 трлн теңге болып белгіленгеніне қарап, облыстың республикалық бюджетке тәуелділігі алдағы үш жылда да азаймайтынын көреміз.
Және бұл жерде парадокс байқалады. Яғни, қолда бар деректер екі үрдісті қатар көрсетеді. Біріншіден, Түркістан облысы республикалық бюджеттен ең көп субвенция алатын өңір болып отыр. Екіншіден, 2026 жылдың бірінші тоқсанында облыстың өзіндік кірістері өсіп, жоспардан артық орындалған. Демек, өңірдің бюджетке тәуелділігін тек субвенция көлемімен бағалау жеткіліксіз болатын сияқты. Бұл жердегі мәселе жергілікті кірістердің тұрақты өсуі және экономиканың осы өсімді қамтамасыз ете алуына қатысты болса керек.
Тоқетерін айтқанда, Түркістан облысы үшін басты міндет республикалық бюджеттен бөлінетін 1,14 трлн теңге субвенцияны игеру ғана емес, оның ұзақ мерзімді экономикалық нәтижесін қамтамасыз ету болып отыр.
Демек, аймақ басшысы Нұралхан Көшеров пен оның командасының алдында мызғымас міндет тұр. Яғни, өңірдің қаржылық дербестігі субвенция көлемінің азаюымен ғана емес, жергілікті кірістердің шығыстарды жабу қабілетінің артуымен өлшенуі керек.