KZNews.kz
Әлем

Түркияда тағы да қатты жер сілкінісі болды

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Түркияның батысындағы Балыкесир провинциясына қарасты Сындырғы ауданында 24 қаңтарға қараған түні магнитудасы 5,1 болатын жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Kznews.kz.

Түркияның Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасы жариялаған дерекке сәйкес, жер асты дүмпуі жергілікті уақытпен 00:24:37-де тіркелген. Эпицентр 11,04 шақырым тереңдікте орналасқан.

Ал Босфор университетіне қарасты Кандилли обсерваториясы осы сілкіністің күшін 5,2 деп бағалаған. Сейсмологтарда магнитуда көрсеткіші әртүрлі шығуы — өлшеу әдістемесі мен есептеу параметрлеріне байланысты жиі кездесетін жағдай.

Сілкініс Стамбұлда және көрші өңірлерде де сезілгені хабарланды. Қазіргі сәтте қирау мен зардап шеккендер туралы ресми мәлімет түскен жоқ.

Кандиллидің жедел деректерінде негізгі дүмпуден кейін бірнеше минуттан соң әлсіздеу қайталама тербелістер тіркелгені көрінеді. Мамандар мұндай жағдайда сақтықты күшейтіп, ғимараттардағы жарықшақ, құлау қаупі бар жерлерден аулақ болуға кеңес береді.

Айта кетейік, Балыкесирдің осы маңы соңғы жылдары да сейсмикалық белсенділігімен жиі аталады: USGS деректерінде 2025 жылғы 10 тамызда (6,1) және 2025 жылғы 27 қазанда (6,0) Сындырғы маңында елеулі жер сілкіністері тіркелген.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары