Аймақ

Туризмді дамытудағы жаңа бағыт: Алматы тау кластерінің әлеуеті мен жазғы инфрақұрылым

Туризмді дамытудағы жаңа бағыт: Алматы тау кластерінің әлеуеті мен жазғы инфрақұрылым
Фото: Kazinform.kz

Алматы – географиялық орналасуы жағынан да, табиғи-рекреациялық ресурстары тұрғысынан да еліміздегі ең қолайлы туристік аймақтардың бірі. Шымбұлақ пен Медеу – әлемге әйгілі қысқы курорттар болса, жазда Бутаковка мен Кимасар жаяу туризмді, велосипедпен серуендеуді ұнататындар үшін таптырмас орын.

Туристік ағынның маусымаралық теңсіздігін шешу үшін Алматы тау кластері жазғы бағытта да дами түспек. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар көп.

2024 жылы Алматыға келген туристер саны 2,340 млн-ға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 14,8%-ға өскен. Бұлардың ішінде шетелдік қонақтардың саны 686 мыңға дейін, яғни 26,9% артқан. Қазақстан бойынша Алматы – ең көп шетелдік турист қабылдайтын қала, олардың қалға келгендер саны 534 340адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 70 мыңға көбейген.Туризмге инвестициялар өсуде: 2024 жылы 110,9 млрд, ал 2025 жылы алғашқы 4 айда 40,2 млрд теңге тартылған.

Жазғы инфрақұрылымды дамыту: нақты жоспарлар мен бастамалар

Жаяу және велосипед жолдарын дамыту
Қазіргі таңда Алматы маңындағы таулы аймақтарда жаяу жүргіншілерге арналған арнайы бағыттар – трекинг жолдары – белсенді түрде белгіленіп жатыр. Әсіресе, Бутаковка мен Кимасар шатқалдарында туристерге арналған қауіпсіз, бағытталған соқпақтар жасақталып, навигациялық белгілер орнатылады. Сонымен қатар, тау велосипедтеріне арналған маршруттар кеңейтілмек. Бұл спорт түрі жастар арасында үлкен сұранысқа ие.

Глампингтер мен этно-қонақ үйлер
Соңғы жылдары глампинг – жайлы әрі табиғатпен үндес демалыс түрі – туристер арасында танымал бола бастады. Алматы тау кластері аясында бірнеше глампинг аймағын салу жоспарлануда. Олар экологиялық талаптарға сай, жергілікті материалдармен жабдықталып, ұлттық нақышта безендірілмек. Этно-қонақ үйлердің ашылуы арқылы туристер қазақ мәдениетімен етене танысу мүмкіндігіне ие болады.

Белсенді демалыс түрлерін енгізу
Жазғы кезеңде туризмді әртараптандыру – басты міндеттердің бірі. Бұл тұрғыда тау кластерінде атпен серуендеу, параплан, роупджампинг, хайкинг сияқты белсенді демалыс түрлері ұсынылмақ. Мысалы, Ой-Қарағай мен Пионер базаларында жазғы лагерьлер мен спорттық алаңдар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Экологиялық таза көлік жүйесі
Қалалық әкімдік пен табиғатты қорғау ұйымдары бірлесіп, экологиялық көліктерді енгізу мәселесін қолға алған. Бұл – таулы аймақтарға бензинді көліктердің қол жеткізуін шектеу арқылы табиғи ортаға зиян келтірмеу амалы. Арнайы электр автобустары мен шағын электромобильдер туристерді белгілі бір нүктеге дейін жеткізіп, әрі қарай жаяу немесе велосипедпен жалғастыруға мүмкіндік береді.

Туризмді дамытудың әлеуметтік және экономикалық тиімділігі
Алматы тау кластері аясында туризмді жандандыру өңірлік дамуға да оң әсер етеді. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, жергілікті кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік туады – кафе, жалға беру, гидация, ауыл шаруашылығы өнімдерін сату. Үшіншіден, бұл бастамалар ішкі туризмді арттыруға септігін тигізеді.

Алматы тау кластерін дамыту – бұл Қазақстандағы жазғы туризмнің жаңа деңгейге көтерілуінің айқын белгісі. Жаяу және велосипед бағыттары, глампинг пен этно-қонақ үйлер, экотасымал мен белсенді демалыс – бәрі бір-бірімен үйлесімді түрде дамытылғанда ғана толыққанды туристік экожүйе қалыптасады. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвесторлардың белсенділігі арқылы Алматы жазғы демалыстың ең сұранысқа ие орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz