Түрікменстанда азық-түлік бағасының қымбаттауын ашық сынап жүрген блогер Дидар Амансахатовтың қабірі табылды. Бұл дерек оның қаза тапқаны туралы ақпараттың рас екенін растады, деп хабарлайды kznews.kz.
TikTok желісінде Hitrowski лақап атымен танылған Дидар Амансахатов елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, әсіресе азық-түлік бағасының шарықтауын жиі көтеріп отырған. Алайда оның өліміне қатысты нақты себептер әлі күнге дейін белгісіз. Марқұм небәрі 34 жаста болған.
Блогер қараша айының соңында әлеуметтік желілерден кенет жоғалып кеткен. Дәл осы кезеңде Түрікменстанда билікті сынаған азаматтарға қысым күшейе түскені айтылған. 18 желтоқсанда Азаттық радиосы Амансахатовтың қарулы құрылым өкілдері тарапынан ұсталып, соққыға жығылып, азаптау салдарынан көз жұмғаны туралы дерек алғанын хабарлаған еді.
Аты-жөнін жарияламауды сұраған жергілікті тұрғындардың бірі блогердің парақшасына көңіл айту пікірін қалдырғаннан кейін құқық қорғау органдарына шақырылғанын айтты. Оның сөзінше, арнайы қызмет өкілдері билікті сынамауға шақырып, Амансахатовтың тағдыры өзгелерге "сабақ болуы тиіс" екенін ескерткен.
Түрікменстан билігі бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Блогердің соңғы жазбаларының бірінде ет бағасының күрт өскені, қарапайым халықтың оны сатып алуға шамасы жетпей отырғаны айтылған. Ал мемлекеттік бақылаудағы ресми ақпарат құралдарында азық-түлік тапшылығы, жұмыссыздық немесе халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі секілді мәселелер әдетте ашық көтерілмейді.