KZNews.kz
Әлеумет

«Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға сот шешімінсіз жол берілмейді: Тоқаев жаңа Конституцияға тағы бір түзету енгізуді тапсырды

Жарқын Омаров
Фото: technadzor77.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда тұрғын үйден шығару тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылатыны жөніндегі норманы енгізуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.

Президент азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты норма екенін ескертіп, Конституциядағы түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізуді тапсырды.

«Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір. Бұл – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз. Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті. Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді. Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деген толықтыру енгізуді ұсынды.

"Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын. Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған", - деді ол.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →