KzNews.kz еркін ақпарат алаңы. Азаматтардың заң шеңберіндегі барлық көзқарасын жариялауына мүмкіндік бар. Бүгін поштамызға келіп түскен қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайыновтың елдегі мұсылмандардың ең үлкен қоғамдық бірлестігі Мүфтият төңірегінде болып жатқан келеңсіздіктері туралы жазбасын жариялап отырмыз. Егер автордың көзқарасымен келіспейтін оқырман болса, олардың да пікірін жариялауға әзірміз.
* * *
Мен аймақшыл сепаратизмді қоздырды деген айыппен бірнеше жыл түрмеде отырып, жазамды өтеп келгенмін. Қазақ халқының жүздік, рулық бөлінісін саяси ойындарға пайдаланбақшы болған арам пиғылды адамдардың жетегіне еріп кеткеніме әлі күнге дейін өкінемін. Жіберген қателігімді мойындап, халықтан жария түрде кешірім де сұрағам. Мемлекеттің тұтастығын бұзу яки соған шақыру немесе трайбализмге бейім әрекет, біле білсек, бұл - қылмыстың үлкені. Мұндай қылмысты біреу біліп жасайды, біреу білмей жасайды. Сондықтан әрқашан осы тәріздес оқиғаларды талдап, одан сабақ алып отыру керек. Бұрыс жолға бағыт алып бара жатқан жағдайларды қоғам талқысына салып, оңы мен терісін анықтап отырған жөн. Трайбалистік идеяның жетегінде кетіп, сепаратизмге шақырғаным үшін жазаланып, өзімнің кінәмді мойындаған,яғни жақсы мен жаманның не екенін түсінген мен үшін қазіргі бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің саясаты мен азаматтық ұстанымы күмән туғызып жүр. «Ауруын жасырған адам өледі» деген мақал бар. Дін саласындағы келеңсіз жағдайларды айтпасақ, қоғамға және қазақтың тұтастығына зор нұқсан келеді. Науырызбай Өтпенов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып сайланғалы бері мүфтият молдалары мен мешіт қызметкерлерінің шыққан тегін анықтайтын анкета енгізді. Анкета толтырушы ұлтымен қатар, қай жүзге жататынын, қай рудан екенін жазуға міндетті. Кадр іріктеуде Бас мүфти енгізген бұл ноу-хау(жаңашылдық) бекер емес екен. Бас мүфти оңтүстіктің тумасы екені өмірбаянында айтылады, бірақ ол кіші жүздің тама руынан екенін көп адам біле бермейді. Наурызбай Өтпеновтың «діни элита» арасында беделі жоқ, бұл жағдайды сарапшылар оның білімі мен шариғат мәселесін жіліктей алмайтын орашолақтығымен байланыстырады. Ол бар болғаны еліміздегі саяси биліктегі кейбір шенеуніктерге жағынып, соларға арқа сүйеп алған. Бұл оның «діни элита» мен қарапайым намазхандар ортасындағы беделін көтеріп тұрған жоқ. Сондықтан ол өзінің позициясын мығымдай түсу үшін трайбализмге жүгініп, өзінің айналасына рулас немесе кіші жүздің өкілдерін жинай бастаған секілді. Мұның мысалы ретінде Хазірет Сұлтан мешітіне Ерболат Жүсіповты бас имам, Ершат Оңғаровты наиб-муфти етіп тағайындауын айтуға болады. Өзі олай-былай болып кеткен жағдайды да есепке алып, Ершат Оңғаровты Бас мүфти қызметіне қойып кетуді қамдап жатқаны байқалады.