Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың пышақ жарақатынан қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Осы оқиғадан кейін Қызылорда қаласының тұрғыны Жазира Қуанышбай өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде дабыл қақты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жас қыздың айтуынша, соңғы алты ай бойы белгісіз біреу оны үздіксіз мазалап келеді. Ол бұл жағдайдың Нұрай Серікбайдың басынан өткен оқиғамен ұқсас екенін атап өткен.
«Тура Нұрайдың оқиғасы менің басымнан өтіп жатыр. Қызылордада тұрамын, полиция мен прокуратураға 2-3 рет арыз жаздым. Жүрген жерімде 102 шақырып қайтамын немесе жалғыз жүрмеймін», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Жазира Қуанышбай құқық қорғау органдарына бірнеше рет жүгінгенімен, нақты нәтиже болмағанын жеткізді. Оның сөзінше, прокуратура бұл істі қараудан бас тартып, полицияға жолдаған, ал полицияға күдікті адамға қатысты барлық деректер мен дәлелдерді — фото және видеоматериалдарды ұсынғанына қарамастан, іс «номенклатуралық» деп танылып, жабылып қалған.
Аталған жағдайға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда істің барлық мән-жайын «жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр». Сондай-ақ қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының қатаң бақылауында екені айтылды.