Алматыда «Жаңа ғасыр» театрына қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Асанәлі Әшімовтің есімі берілді. Енді мәдени мекеме ресми түрде оның атымен аталатын болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл шешім – әйгілі актерге көрсетілген құрметтің белгісі ғана емес, сонымен қатар оның бай шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам. Асанәлі Әшімовтің өнердегі жолы, театр мен киноға қосқан үлесі, сондай-ақ шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ұлттық мәдениеттің асыл қазынасына айналған.
Жаңа атауға ие болған театр алдағы уақытта дәстүр мен заманауи бағыттарды үйлестіре отырып, көрерменге мазмұнды әрі сапалы қойылымдар ұсынуды көздейді.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасында дүниеден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған өнер майталманы ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген ол шығармашылық жолын М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында бастаған. Өнер иесі тек актер ретінде ғана емес, режиссер, сценарист әрі ұстаз ретінде де халық жадында қалды.
Ол «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сынды танымал фильмдердегі рөлдері арқылы қазақ киносының алтын қорына енді. Актердің жарқын бейнесі мен бай мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталатыны анық.