Азаттық радиосының журналисі Манас Қайыртайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында халықаралық саясатқа қатысты жазба жариялап, ондағы дипломатиялық ахуалды сараптады. Бұл туралы Arasha.kz хабарлады.
Журналист өз жазбасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп және Венесуэла басшысы Николас Мадуро арасындағы жағдайды салыстыра отырып талдайды.
Манас Қайыртайұлының айтуынша, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Николас Мадуроны Қазақстанға ресми сапармен шақырған. Бұл бастама Мәскеуде өткен кездесу аясында, Қазақстан мен Венесуэла арасындағы қарым-қатынасты дамыту мақсатында көтерілген.
Алайда журналистің жазуынша, Венесуэла басшысы Қазақстанға келе алмаған. Себебі ол АҚШ аумағында жүрген кезінде қамауға алынып, сот процесіне тартылған. Осылайша, Тоқаевтың шақырған қонағы Астанаға жете алмаған.
Журналист назар аударған тағы бір жайт – дәл осы кезеңде Дональд Трамп Қазақстан Президентін АҚШ-қа қонаққа шақырған. Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына жоспарланған G20 саммиті Майами қаласында өтпек. Трамп Тоқаевты осы халықаралық жиынға қатысуға шақырған.
Осы жағдайды Манас Қайыртайұлы былайша түйіндейді:
"Қонағын тұтқындап, өзін қонаққа шақырды дегеннің мәні – осы".
Сонымен қатар журналист қазіргі уақытта Давос қаласында өтіп жатқан экономикалық форумға да тоқталған. Оның мәліметінше, Дональд Трамп "Бейбітшілік кеңесі" атты жаңа ұйым құрып, оның құрамына 18 елді енгізген. Сол елдердің бірі – Қазақстан. Жарияланған суреттерде аталған ұйымның жарғысына қол қойылып жатқан сәт көрсетілген.
Аталған жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі бұл жағдайды халықаралық саясаттағы ирония деп бағаласа, енді бірі оны геосаяси мүдделердің күрделі тоғысы ретінде қабылдады.