АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған видеода айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақ үй басшысы операция Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларына бағытталғанын жеткізді. Трамп Тегеран ешқашан ядролық қаруға қол жеткізбейтінін ерекше атап өтті.
"Біраз уақыт бұрын АҚШ қарулы күштері Иран аумағында ірі әскери операцияларды бастады. Біздің мақсатымыз – Иран режимі тарапынан туындаған тікелей қауіптерді жою арқылы америкалық халықты қорғау. Бұл режимнің әрекеттері АҚШ-қа, біздің әскери күштерімізге, шетелдегі базаларымызға және бүкіл әлемдегі одақтастарымызға нақты қауіп төндіреді", – деді Трамп.
Reuters агенттігінің мәліметінше, америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ Иран нысандарына әуеден және теңізден соққы жасап жатыр.