АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде америкалық әскерилердің қолына түскен Венесуэла басшысы Николас Мадуроның фотосын жариялады. Кадрда Мадуро АҚШ-тың USS Iwo Jima әскери кемесінің бортында отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Суреттен Мадуроның көзі байлаулы, ал басында шуды басатын құлаққап бар екені көрінеді.
3 қаңтар күні таңертең АҚШ Венесуэла аумағына соққы жасағаны хабарланды. Вашингтон жүргізген операция барысында Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес ұсталып, елден шығарылған.
АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бонди Мадуро мен Флорестің АҚШ-та сотталатынын, оларға есірткі терроризміне сөз байласу секілді ауыр айыптар тағылғанын мәлімдеді. Кейінірек Мадуроға АҚШ-та қозғалған істер бойынша төрт мәрте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұрғаны айтылды.
Fox News эфирінде Дональд Трамп Мадуро мен Флорестің қазір Нью-Йоркке бет алған Iwo Jima кемесінің бортында екенін растады.
"Оларды тікұшақпен жеткізді, ұшу оларға ұнаған да шығар. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыздар – олар көп адамды өлтірді", – деді Трамп.