АҚШ-та федералды сот Трамп әкімшілігінің Қазақстанды қоса алғанда, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруге қатысты енгізген шектеуінің күшін жойды. Бұл туралы журналист Руслан Меделбек өзінің Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Нью-Йорк штатының федералды сотының шешіміне сәйкес, АҚШ Мемлекеттік департаменті азаматтығына байланысты иммиграциялық виза беруді шектей алмайды.
Бұған дейін Марко Рубио басқаратын Мемлекеттік департамент 75 елдің азаматтарына АҚШ-қа иммиграциялық жолмен көшіп келуге шектеу енгізген. Тізімге Қазақстан да кірген еді. Трамп әкімшілігі бұл шараны елдегі қауіпсіздікті күшейту қажеттілігімен түсіндірген.
Кейін құқық қорғаушылар Мемлекеттік департаменттің шешімін заңсыз деп танып, сотқа жүгінді. Істі қараған судья Жаннетт Варгас мемлекеттік хатшы Марко Рубионың өкілеттігін асыра пайдаланғанын айтып, шектеудің күшін жойған. Сот адамның азаматтығына қарап иммиграциялық виза беруді тоқтату заңға қайшы деген қорытындыға келген.
Бұл Қазақстан азаматтары үшін нені білдіреді?
Сот шешімі күшінде қалса, АҚШ Мемлекеттік департаменті аталған шектеуге сүйеніп Қазақстан азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтата алмайды және визаларды қарау процесін қайта жалғастыруы тиіс. Дегенмен бұл АҚШ визасы автоматты түрде беріледі деген сөз емес: әр өтініш бұрынғыдай жеке қаралып, өтініш беруші АҚШ көші-қон заңнамасының талаптарына сай болуы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ билігі грин-карта лотереясына қатысты да шектеулер енгізген болатын.