Қазақстанда атом электр станцияларын салу жоспары аясында Қостанай облысы да перспективалы өңірлердің бірі ретінде қарастырылып жатыр. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, елдегі энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін кемінде үш, ал болашақта төрт атом электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Сәтқалиевтің сөзінше, АЭС салуға арналған бірнеше әлеуетті алаң алдын ала зерттелген. Олар энергия балансы, экологиялық талаптар және сейсмикалық қауіпсіздік негізінде іріктелген.
Мәселен, Балқаш маңы ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аймақ ретінде қарастырылып отыр — мұнда алтыға дейін энергоблок салуға мүмкіндік бар. Ал Курчатов қаласы шағын және орта қуатты реакторларды орналастыруға ыңғайлы. Сонымен қатар Батыс Қазақстанда энергетикалық қондырғыларды біріктіріп пайдалану тәжірибесі бар.
Агенттік басшысы Қостанай өңіріне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, алдағы 20–30 жылда бұл аймақ энергетикалық теңгерім тұрғысынан атом электр станциясын салуға қолайлы орынға айналуы мүмкін.
Осылайша, Қостанай облысы ұзақ мерзімді перспективада АЭС құрылысына үміткер негізгі өңірлердің бірі ретінде бағаланып отыр.