KZNews.kz
Қоғам

Тоқсаныншы жылдары ораза ұстаудың мәдениеті басқаша болатын - Мұхитдин Исаұлы

Азамат Қойшығара
Видеодан алынған кадр

Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, белгілі ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхитдин Исаұлы Рамазан айының мәні мен қоғамдағы өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ғалымның айтуынша, бүгінгі рухани ахуалды ғасырлық өзгеріс деп бағалау орынсыз. Кейбір құбылыстар соңғы 10–15 жылдың ішінде қалыптасқан.

– Біз қазір бір ғасырлық өзгерістің ішінде отырған жоқпыз. Бұл – соңғы он бес жылда болған үдеріс. Он бес жыл бұрын жағдай бұлай емес еді. Тоқсаныншы жылдардың өзінде ораза ұстаудың мәдениеті басқаша болатын, – деді Мұхитдин Исаұлы.

Оның сөзінше, өткен кезеңдерде ораза қарапайымдылықпен, сабырмен және үлкендердің өнегелі әңгімесімен ерекшеленетін. Жетпісінші жылдары ауыл қарияларының оразасы да, тоқсаныншы жылдардағы жоқшылық уақытындағы ауызашар дастарханы да рухани мазмұнға бай болған.

– Үлкен кісілер қарапайым ас ішіп отырып, өмірдің ғибратын айтатын. Біз жастар сол дастарқан басында қамыр жайып, көкөніс турап, үлкендердің сөзін тыңдап отыратынбыз. Бұл тек діни уағыз емес, өмір мектебі еді. Рухани тәрбие дәл сол жерде берілетін, – деді ғалым.

Мұхитдин Исаұлының айтуынша, Рамазан айының негізгі мәні – нәпсіні тәрбиелеу арқылы рухты күшейту.

– Нәпсі дүниемен, байлықпен, атақпен күшейеді. Нәпсі семірген сайын рух қысылады. Ал Рамазанда нәпсі әлсірейді, адам өзінің әлсіздігін сезінеді. Сол сәтте рух еркіндікке шығады. Адам Жаратушыны жүрекпен сезіне бастайды, – деді ол.

Ғалым Пайғамбар хадисінде Рамазан айында аспан қақпалары ашылатыны айтылатынын еске салды. Оның пікірінше, бұл – Алланың мейірімі мен рақымының молаятынын білдіретін ишара.

– Нәпсі тыйылған кезде рух рухани самалды сезеді. Адам Алланың ұлылығын, жалғыздығын жүрекпен ұғынады. Рамазан – адамның өз болмысын қайта танитын ай, – деді Мұхитдин Исаұлы.

Ол Рамазан айында сыртқы рәсімнен гөрі ішкі мазмұнға мән беру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, діннің негізі бір болғанымен, әр халық оның мәдени қабатын өз болмысына сай қалыптастырады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, рухани мазмұнды тереңдету қажет.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →