KZNews.kz
Жаңалықтар

“Тоқал мәселесі орта ғасырларда болған, ертең де болады” - Кеңшілік Тышқанұлы

Айжан Сыланова

Qasqa jol бағдарламасына берген сұхбатында Еуразия Ұлттық университетінің дінтану факультетінің доценті және дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы қоғамда жиі талқыланатын тұлғалардың жеке өмірі, екіжүзділік және «тоқал мәселесіне» қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

“Таза деген қазаннан шошқаның басы шығыпты" деген сөз бар. Кейде халық алдына шығып, жылы-жылы сөз айтып, кейін шынайы жақындығын көрген кезде адамдардан қашып кететін жағдай болуы мүмкін. “Ұлық адамдармен жақын араласпау керек көңілің қалады” деген де бар. Адамның ішінде не жатқанын уақыт қана көрсете алады. Сондықтан ақыл айту позициясындағы адамдар өз өмірін, отбасылық қатынастарын, бала-шаға тәрбиесін, ісі мен сөзінің сәйкестігін ойлағаны дұрыс. Біз бұған қоғам басынан өткеріп жатқан өтпелі кезең ретінде қарауымыз керек. Жылтырағанның бәрі алтын емес. Кей адамдар қателіктерінен сабақ алады. Бір адамның ағаттығы 100 адамға сабақ болуы мүмкін. Ол адамдардың орнында мен де болуым мүмкін. Сондықтан ондай сұхбаттарға позитивті жағынан қарауға болады…

Ондай жеке мәселеге байланысты дүниелерге қызығушылық, сұраныс азайғанда, ақпараттар да азаяды.

Тоқал мәселесі орта ғасырда да болған. Қазір де бар, ертең де болады. Бұл трагедиялық мәселе емес. Адамдар қоғам назарында жүрген адамдардың шалыс басқанын көрсе, “ой, біздікі ештеңе емес екен ғой” деп ойлайды. Осылай сылтау табу арқылы, басқа да қателіктерге бой алдырады. Бұл дұрыс емес”, - деп пікір білдірді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →