Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожаға 90 жасқа толған мерейтойына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы Марфуға Ғалиқызының ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Президенттің айтуынша, ақын шығармашылығында қазақтың дархан даласы мен терең тарихы, ұлттық салт-дәстүрі, елдің ынтымағы мен бірлігі кеңінен көрініс тапқан.
«Қазақтың дархан даласы мен тамыры терең тарихын, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігі мен салт-дәстүрін өршіл де сыршыл өлеңдеріңізге арқау еттіңіз. Оқырман қауым жырларыңызды сүйсініп оқиды және өзіңізді “Қазақтың жыр Аққуы” деп ардақтайды», – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой иесіне зор денсаулық пен бақ-береке тілеп, алдағы уақытта да өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіне тілектестігін білдірді.