Былтырғы бюджет: мемлекет қаржыны қай салаларға көбірек бөлді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тоқаев: Қазақстан энергетика мен инфрақұрылымды жаңғыртуға көшті

Тоқаев: Қазақстан энергетика мен инфрақұрылымды жаңғыртуға көшті
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық моделін қалыптастырудағы үшінші басымдық ретінде энергетикалық және инфрақұрылымдық негізді күшейтуді атады. Оның айтуынша, экономиканың тұрақты дамуы үшін энергетика, инженерлік жүйелер және көлік-логистика салаларын кешенді жаңғырту қажет, деп хабарлайды kznews.kz.

«Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған кез келген елдің негізгі тірегі саналады», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы мақсатта елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Ұлттық жоба іске асырылады. Тек биылдың өзінде оған 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, уақытша жөндеулерден бас тартып, халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін нысандар толық жаңғыртылады.

Энергетика саласында Қазақстан дәстүрлі қуат көздерін сақтай отырып, «жасыл» энергетиканы да дамытуға басымдық береді. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 7 пайызға жеткен. Ал 2029 жылға дейін 13 гигаваттан астам жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Оның кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия есебінен өндіріледі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елді газдандыру қарқынын күшейту міндетін қойды.

«Көгілдір отынмен қамту көрсеткішін қазіргі 65 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды», – деді Президент.

Тоқаев көмір қоры Қазақстанның маңызды артықшылықтарының бірі екенін айтып, биыл қабылданған Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаның маңызын атап өтті. Оның аясында алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында экологиялық талаптарға сай үш жаңа жылу электр станциясы салынады.

Президент атом энергетикасына да ерекше тоқталды.

«Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы. Сондықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі әрі келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласын елдің инфрақұрылымдық арқауы деп атап, бұл бағыттағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, жаңа теміржолдар мен автожолдар салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Өткен жылы Достық–Мойынты теміржолының екінші желісі мен Алматыны айналып өтетін теміржол пайдалануға берілсе, биыл Мойынты–Қызылжар және Дарбаза–Мақтаарал, келесі жылы Бақты–Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.

Сондай-ақ былтыр 13 мың шақырым автожолда жөндеу жұмыстары басталып, оның 6 мың шақырымы пайдалануға берілді. Президент мұндай ауқымды жол құрылысы Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асқанын айтты.

Авиация саласына тоқталған Мемлекет басшысы жаңа халықаралық бағыттар ашылып жатқанын айтып, елорданың жаңа әуежайын салу уақыт күттірмейтін міндет екенін жеткізді.

«Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет», – деді Президент.

Сонымен қатар, әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру халықаралық логистикадағы Қазақстанның әлеуетін күшейтетін маңызды қадам болатынын атап өтті.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.