Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, елдің алдағы саяси кезеңіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы ел тағдыры үшін маңызды кезең қарсаңында Парламенттің 8-шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.
Президенттің айтуынша, ол қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, атқарылған жұмысты қорытындылайды. Сондай-ақ ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталмақ.
"Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және тұрақты дамудың берік кепілі екенін атап өтті.
Тоқаевтың сөзінше, бірнеше күннен кейін, яғни 1 шілдеде Конституция заңды күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады.
"Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеді деп сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ", – деді Президент.
Ол қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұрғанын айтты.