Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нахчывандағы әуежайға жасалған дрон шабуылына байланысты пікір білдіріп, бауырлас Әзербайжанға қарсы әрекетті қатаң айыптады, деп хабарлайды Kznews.kz.
Мемлекет басшысының ұстанымын оның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жеткізді. Ресми мәліметке сәйкес, Президент оқиғаның Иран тарапымен бірлесіп жан-жақты тексерілетініне және жағдайдың дипломатиялық жолмен реттелетініне сенім білдірген.
“Президент болған оқиғаның мән-жайы Иран тарапымен бірлесіп егжей-тегжейлі тергелетініне, сондай-ақ екі ел арасына сызат салған жағдай аймақтағы ахуалды ушықтырмау үшін дипломатиялық тәсілдер арқылы реттелетініне сенім білдірді”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Иранға тиесілі делінген бірнеше дронның Әзірбайжан аумағына құлап, салдарынан екі адамның жараланғаны хабарланған еді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бұл оқиғаны “террористік акт” деп бағалады.
Ал Иран тарапы өз кезегінде Әзірбайжан аумағында құлаған дрондардың өзіне тиесілі екенін жоққа шығарды.
"Иран Ислам Республикасы барлық елдердің, әсіресе мұсылман және көрші мемлекеттердің тәуелсіздігін құрметтейді, Әзірбайжан Республикасына қарсы дрон ұшырылғанын жоққа шығарады", – деп мәлімдеді Иран қарулы күштерінің Бас штабы.
Сондай-ақ Тегеран мұндай әрекеттерді бұған дейін Израиль жасағанын айтып, оның мақсаты мұсылман елдерінің арасындағы байланысты әлсірету екенін алға тартты.