Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын растады.
Мемлекет басшысы бұл туралы Нью-Делиде өткен БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гормен кездесу кезінде айтты.
Кездесу барысында Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дональд Трамптың Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жолдаған жеке құттықтауын табыстады.
Президент АҚШ басшысына жылы лебізі үшін алғыс айтып, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырғанын тағы бір мәрте жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жиын екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қолайлы мүмкіндік болмақ.
«Біз әдемі сөздерден гөрі нақты істер мен өзара ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған практикалық қадамдарды құп көреміз», – деді Тоқаев.
Кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі де талқыланды.
Серджио Гор екі ел көшбасшылары арасындағы сенімді қарым-қатынас Қазақстан мен АҚШ байланыстарын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.