Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында алдағы Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысы елдегі саяси реформалардың жаңа кезеңі заң шығару жүйесінің тиімділігін арттыруды талап ететінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Тоқаевтың сөзінше, депутаттар корпусы соңғы саяси өзгерістер кезінде азаматтық және мемлекеттік жауапкершілік танытып, парламенттік реформаларды жүзеге асыруға үлес қосты. Ол көптеген депутат Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеп, қоғамға реформалардың мәні мен маңызын түсіндіруге атсалысқанын атап өтті.
Президент жалпыхалықтық референдумда Конституция қабылданғаннан кейін Парламент елдің құқықтық жүйесін жаңарту бағытында ауқымды жұмыс атқарғанын айтты. Оның сөзінше, депутаттар қысқа мерзім ішінде ұлттық заңнаманы жаңа Конституция нормаларына сәйкестендірді.
"Сіздер өте қысқа мерзімде ел заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сәйкес келтіру жұмыстарын жүзеге асырдыңыздар. Атап айтқанда, Парламент шұғыл түрде 9 заңды, оның ішінде 6 конституциялық заңды әзірлеп, қабылдады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің жаңартылған моделі “күшті Президент, ықпалды Құрылтай, есеп беретін Үкімет” қағидатына негізделетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл формула билік тармақтары арасындағы жаңа тепе-теңдікті институционалдық тұрғыда бекітеді.
Тоқаев Қазақстан президенттік республика болып қала беретінін де баса айтты. Президент мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы және елдің ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын тұлға ретінде өз рөлін сақтайды.
Сонымен қатар Президент алдағы кезеңде парламенттік жүйені әрі қарай жаңғырту қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Құрылтай заң шығару процесін жеделдетіп, оның сапасын арттыруы керек.
"Құрылтай бюрократиялық рәсімдер түріндегі барлық кедергіні жойып, заң шығарудың жылдамдығы мен сапасын арттыруы, білікті сарапшылар мен кеңесшілердің тиімді қызметін ұйымдастыруы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде заңнаманы жаңа шындыққа тез бейімдеу маңызды екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, ұлттық заңнама цифрлық өзгерістерге ілесуі үшін Құрылтай жедел әрі нәтижелі жұмыс істеуі қажет.
"Ұлттық заңнаманы цифрлық матрицаның жедел өзгеріп жатқан шындығына жедел бейімдеу үшін Құрылтайға жеделдетілген қарқынмен жұмыс істеу керек болады", – деді Тоқаев.