Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте елорданың болашағына қатысты бірқатар нақты міндет қойып, қала дамуының алты негізгі басымдығын айқындады. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні енгізуді жеделдету, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй сапасын қатаң бақылау және экологиялық тәртіпті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президенттің айтуынша, Астана бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналып отыр. Соңғы 11 айда қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 118,6 пайызға жеткен. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, инвестиция және шағын бизнес көрсеткіштері бойынша елорда алдыңғы орында тұр.
Мемлекет басшысы Smart City жобасын толық іске қосу қажеттігін атап өтті. Жақын уақытта Жедел басқару орталығы жұмысын бастайды. Бұл орталық арқылы бейнебақылау жүйелері мен қалалық қызметтер бір жерден басқарылып, қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай күшейтіледі. Президент Астана әкіміне бұл жұмысты жедел аяқтауды тапсырды және аталған тәжірибені еліміздің басқа қалаларына енгізу қажет екенін айтты.
Экономикалық деректерге тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайызға артқан. Сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Ал Астананың өңірлік жалпы өнімі биыл 34–35 миллиард доллар деңгейінде болады деп күтілуде.
Сонымен қатар Президент қала кеңістігін үйлесімді дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, елорда тек орталық көшелері көрікті қала болмауы керек, шеткері аудандарды да жүйелі түрде жаңғырту қажет. «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында тарихи бөліктегі 150 ғимараттың қасбеті жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады.
Көлік мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы қоғамдық көліктің қолайлылығы мен сапасын арттыруды тапсырды. Жеңіл рельсті көлік жобасын толық іске қосу, Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу және Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жоспарлары қолдау тапты. Сондай-ақ жаңа әуежай салу мүмкіндігін мұқият пысықтау қажет екені айтылды.
Коммуналдық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Президент елорданы тұрақты ауыз сумен және энергиямен қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін атап өтті. Су станцияларын, кәріз-тазарту құрылыстарын және қосалқы электр станцияларын уақытылы іске қосу міндеті қойылды.
Құрылыс сапасына ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев сапасыз материал қолдану мен қауіпсіздік талаптарын сақтамауды «нағыз қылмыс» деп атады. Осыған байланысты Үкіметке жобалаудан бастап үйді пайдалануға беруге дейінгі барлық процесті толық цифрландыру тапсырылды.
Әлеуметтік инфрақұрылым мәселесінде Президент денсаулық сақтау мен білім беру нысандарының қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Мектеп пен емхана тапшылығын болдырмау үшін демографиялық өсім мен аумақтық дамуды ескеретін жаңа жоспарлау тәсілі қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы сөз соңында Астана әрдайым реформалардың алдыңғы шебінде болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, халыққа әдемі есеп емес, нақты нәтиже қажет, ал қойылған міндеттердің орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында болады.