Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру жөніндегі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды kznews.kz.
Құжатқа сәйкес, әскерге шақыру науқаны екі кезеңде өтеді: наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында. Осы уақыт аралығында әскери қызметін өтеген сарбаздар запасқа шығарылады.
Жарлықта бірқатар маңызды талаптар көрсетілген. Атап айтқанда, Қазақстан Қарулы Күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер белгіленген мерзімін аяқтаған соң запасқа жіберіледі.
Сонымен қатар, 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыру немесе босатылу құқығы жоқ азаматтар міндетті түрде әскерге шақырылады. Шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізуге жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.
Ал Үкімет, ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметі шақырылған азаматтарды әскери қызметке жөнелту мен запасқа шығару процесін қаржылық және материалдық тұрғыда қамтамасыз етеді.
Жарлық ресми жарияланған сәттен бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2026 жылы 850-ден астам запастағы офицерді әскери қызметке шақыру жоспарланғаны белгілі болған. Бұл бастама Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын күшейтіп, әскери резервті толықтыруға бағытталған.
Жоспар бойынша, олардың 700-і Қарулы күштерге, 80-і Шекара қызметіне, 64-і Ұлттық ұланға, ал 15-і Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.