Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Жиында Мемлекет басшысына ел экономикасының қазіргі ахуалы, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары және алдағы үш жылға жоспарланған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері баяндалды.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жоспарланған экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
Президент 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға басымдық беруді тапсырды. Атап айтқанда, ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандарының құрылысын жеделдету қажеттігіне назар аударды.
Кеңеске Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және Қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.